Күлімде,Наурыз,Күлімде!!!
Жайма шуақ көктеммен күлімдей келетін «Әз Наурыз» мерекесі Ұлыстың Ұлы күні. Наурыз-бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсылықтың жаршысы, жаңару белгісі, тіршіліктің тынысы, теңдіктің терезесі ашылып, өмірге нұр сыйлаған, халық қастерлеген тамаша күн. Наурыз-еліміздің баянды бірлігі мен ұйыған татулығының мерекесі. Айтулы мереке қарсаңында Сәкен Сейфуллин атындағы кент кітапханасының ұйымдастыруымен , осындай бақыт пен шаттық, тыныштық пен бейбітшілік мерекесіне арналған «Күлімде, Наурыз, Күлімде!» тақырыбында әдеби сазды кеш өткізілді. Мақсаты: Қазақстанда тұрып жатқан өкілдерінің Қазақстан халқына деген сыйластығын, ұлттық қарым-қатынасын нығайтуға тәрбиелеу, қазақтың салт-дәстүрін сыйлауға, өнерін түсініп тыңдауға, қазақ халқына үлкен қошеметпен қарауға, сыйлауға, тұрып жатқан Отанын сүйюге, халықтар достығын, ұлтаралық қарым-қатынасты сақтауға тәрбиелеу, Қазақстанға деген патриоттық сезімін ояту, оны одан әрі дамытуға баулу. Мерекеге сай оқырман залы көктем келбетіне сай безендіріліп, ұлттық нақышта киінген кітапханамыздың қонақтарына қуаныш пен жылылық сыйлап тұрғандай әсер берді. Шара барысында әсем әуен ойналып, мерекенің шымылдығы ашылды. Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, наурыз мерекесінің мәні мен маңыздылығына тоқталдық. Мәдениет үйінің «Динар» би ұжымының қыздары мың бұрала «Аққу», «Шашу» биін билеп, мерекенің көркін одан сайын аша түсті.
«Ас адамның арқауы» дегендей, қазақ халқы асты қашанда қадірлей білген. Ұлттық тағамдарымыз ұлықталып, ақ дастархан жайылды. Мерекенің басты тағамы-Наурыз көжеден дәм татты. Шара соңында «Сан алуан салт дәстүрім» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жүргізілді. Осылайша қонақтарымыз дініне, діліне бөлінбейтін жалпыхалықтық наурыз мейрамынан рухани нәр алып, барынша көңілденіп, мерекелік дастархан жайғанымыз үшін ризашылықтарын білдіріп, мәре-сәре болып тарқасты.